Бүгін қазақстандықтар Отан үшін отқа түскендердің рухына тағзым етті. Әскерилер мен полицейлер, барлық күштік құрылым қызметкерлері, терроршылармен бетпе-бет келгендер жандарын пида етті. Қаруластары қазаға ортақ…

Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні әскерилер, полицейлер мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ауыр болды. Тәртіп бұзушылар көзі көргенін бүлдіріп, облыстық әкімдік ғимаратын басып алмақ болған. Бүлікшілер еш ескертуге қарамастан, шабуылға көшті…ҚР Ұлттық Ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ақпарынша, ереуілшілер қолына түскенін қару қылған. Елдегі лаңкестік шабуыл салдарынан бейбіт адамдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен бөлек, Ұлттық Ұланның 69 әскери қызметкері әр түрлі дәрежеде жарақат алған.  Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде ҚР Ұлттық Ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары да бар. Барлығы - 19 жауынгер, оның 11-і Семейден, 8-і Өскемен қаласынан.

Қаза тапқан әскерилердің ішіндегі 2-і Ұлттық Ұланның сарбаздары. Олар 5547 әскери бөлімінің қызметкері, қызылордалық Мадияр Қайсаров және 5514 әскери бөлімінің әскериі Айбас Айманов - Талдықорған қаласының тумасы. Мемлекет басшысы лаңкестік шабуылдан қаза тапқан әскерилер мен полицейлерді «Айбын» орденімен наградтады. Сондай-ақ, жарақаттанғандарға материалдық көмек көрсетілетінін айтты.