Облыс орталығында ұлттық құндылықты ұмытпай, өзгеге ұлықтап жүрген қолөнер шеберлерінің шығармашылық конкурсы өтті. Қолдан текемет тоқып, балшықтан түрлі бұйым жасап, киізден кілем басқан жандардардың ерекше туындылары жұрттың назарына қойылды.

«Шығыс кәдесыйы» деп аталған облыстық қолөнершілер шығармашылық байқауына 50-ден астам шебер қатысуға ниет білдірген екен. Тіпті ойлайн түрде қатысып жатқандары да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлер бұл байқауға ұзақ дайындалып, ең үздік деген жұмыстарын алып келген. Мұндай шығармашылықты шыңдауға арналған сайыстар жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді, - дейді.

Байқаудан бөлек, бұл жерде бұйымдар жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Келушілер ұнатқан кез-келген кәдесыйын сатып ала алады. Ал, шеберлік дәрісіне қатысуға ниеттілер қолдан текемет тоқып үйреніп, балшықтан бұйым жасау өнерімен танысады. Саз балшықтан түрлі дүниелерді жасап жүрген Әлия Бейғанова, бұл кәсіппен айналысқаныма 6-7 жыл болды, дейді. Тіпті үйрену үшін Өзбекстанның Самарқан қаласына барып білім алып келген екен.

Байқауда үздік атанғандар 6 номинация бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.