Облыс орталығында халықаралық «Kazzinc Open»теннис турнирі басталды. Жарысқа ТМД мен еуропа елдерінің түкпір-түкпірінен үздіктер жиналып бақ сынасуда. Теннис турнирінің демеушісі – спорттың дамуына ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқан "КазЦинк" ЖШС компаниясы.

Өскемендегі "SMASH" спорт орталығы дәл бүгін дүйім жұрттың назарында. Себебі, мұнда теннис спортының кіл мықтылары жиналған. Жүлде үшін талас, тартыс. Ерлер мен әйелдер қатар ойын көрсететін бұл бәсекенің жеңіс үшін сыйақысы да қомақты.

Жарысқа қатысушылардың бірі, теннисші Александр Чепик.  Турнирда Ресейдің намысын қорғайтын спортшы бұған дейін де Қазақстанда болғандығын айтады. Содан болар бүгінгі бәсекеде үздік нәтиже көрсететініне сенімді.

Халықаралық турнир бүкіл әлем теннисшілерінің басын біріктіруде. Бұл күш сынасар жарыс қана емес үлкен тәжірибе алаңы. Мамандар, бұл шара Қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік деп отыр.

Халықаралық турнирге келген спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. "SMASH" теннис орталығының жоғары халықаралық стандарттарға сай болуынан бөлек, Өскемен келушілерді қонақжайлылығымен де таңғалдыруда.

Айта кетейік, "SMASH" орталығы осыдан 12 жыл бұрын ашылған болатын. Спорт кешенінің арқасында теннис балалар мен ересектер арасында кеңінен танылуда. Ал халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан бүгінгі жарыста өз жолын дәл осы залдан бастағандар да бар.