Жылқы мен қазақтың жаны бір. Әсіресе, аламан десе арқасы қозып, ішкен асын жерге қоятын ұлт. Катонқарағай ауданында осындай бір бәйге өтті. «Шығыс Алтын тайы – 2022» республикалық тай жарысы жұртты бір серпілтті. Шабандоздар 5,8,10,15 пен 25 шақырымдық сында өзара кім мықтыны анықтады. Республика деңгейдегі турнирді болашақта дәстүрлі шаралардың біріне айналдыру жоспарлануда.

Дүбірлі доданы Катонқарағай ауданы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер азаматтар ұйымдастырды. Сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөлеген аламанға жиналған жұрт қарасы қалың.  Катонқарағай ауылындағы дүбірлі думанда киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар күмбірлете күй төгіп, әуелете әсем ән шырқады. Ұлттық спорт түрінен өткізілетін сайыстарды болашақта дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз дейді, жергілікті әкімдік өкілдері. 

Шабандоздар сыны, сайыстың шымылдығы ақ батамен ашылды. Ал ақ тілегін арнаған азамат – есімі шабандоздар мен атбегілердің арасында кеңінен танымал, халықаралық және республикалық сындарда топ жарып жүрген талай спортшыларды баптаған Қадыр Мұқанов.

Сайыстың көркін қыздырған 25 шақырымдық аламан бәйге. Бұл қашықтықта өткізілетін сын табандылыққа, батылдыққа, шыдамдылыққа үйрететін ұлттық спорттың ұлық түрі. Тұлпарының бағы мен бабын сынауға елдің әр өңірінен келген атбегілер арасында нағыз бәсеке. Шабандоздар да әр қашықтықты еңсерген сайын қызу дайындықпен келгендері  көрінді. Бұл сында 3-орынды үржарлықтар қанжығаларына байлады. Шабандоз Сұлтан Бексұлтан, жылқы иесі Ержан Керейбаев. Ал 2-орынды Жармадан келген Атан Саматұлы иеленді. Ат иесі Дастан Тоғызбаев. 25 шақырымдық «Аламан бәйгеде» өзгелерден дара шауып, 1-орынды Нұрғиса Дүйсенбаев иеленді. Бұл шабандоз Қарағандыдан келген. Сол облыстың чемпионы. Жылқы иесі Жетпіс Божбанов. Жеңімпазды Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан марапаттап, автокөліктің кілтін табыстады.

 

Катонқарағайлық ағайын ұлттық спортты дамытуда соңғы уақытта айтулы жетістіктерге жетті. Әрі талай сында бас жүлдені де бермей келеді. Естеріңізге сала кетсек, таяуда Абай облысында өткен 140 шақырымдық аламанда Катонқарағай ауданының «Тарпаң» атты арғымағы 7 сағат, 12 минутта мәре сызығын бірінші болып қиған еді.

 

Ары қарай бәйге асыл тұқымды тайлар жарысымен жалғасты. Артынан ала шаң ерткен арғымақтар тасыған судай екпіндеп келе екі айналымды әп-сәтте аяқтады. Мұнда Алижан Дананың «Ақбастауы» бәйгенің алдын бермесе, екінші орынды Талғат Толқынбай қанжығасына байлады. Ал мәре сызығын  үшінші болып, «Талап» шаруақожалығының шабандозы қиды.

 

Бәйгеден бөлек, аударыспақ пен қой көтеру сайысы да ұйымдастырылды. Бұл бәсекеге ат үстінде алысуды білетін, тыңғылықты дайындығы бар спортшылар қатысты. 70 келіге дейінгі салмақта Марқакөлден келген Бейбіт Байталовтың асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанса, 90 келіден жоғары салмақта тарбағатайлық Шыңғыс Манарұлы 1-орынды иеленді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.