Облыстық кітапханада «Отбасы хрестоматиясы» жобасының аясында «Бейсен және болмыс» кітабының тұсаукесері өтті. Адам болмысы мен азамат болмысы сөз болған басылыммен танысуға жиналған жұрттың қарасы қалың. Марқұм журналисті көзі тірісінде құрметтеген халқы, дүниеден өтсе де еш ұмытқан емес. «Бейсеннің биігімен» танысуға барлығы асық.

Шараның негізгі қонағы Санжар Керімбай әлеуметтік желі арқылы бала тәрбиесі, өмірлік философия туралы мәнді жазбаларды, рухани құндылықтарды насихаттап жүрген белді публицист. Ол құрған «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры 2013 жылдан бері, «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Яссауи феномені», «Мың сұрақ» және т.б. бала тәрбиесіне арналған көптеген кітаптарды жарыққа шығарған. Оқырманға ұсынылып отырған «Бейсен және болмыс» кітабы Ұлттық арнадағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы қалың көрерменнің жүрегіне жол тапқан танымал журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбектің болмысына арналды.

2021 жылдың қараша айында жарыққа шыққан кітап ел алдында игі істерімен, биік азаматтық болмысымен есте қалған Бейсен Құранбектің өмірін бейнелейді. Бұдан бөлек, автордың айтуынша басылымдағы «Болмыс» ұғымы барша адамзатқа жұмбақ болып келген сауалдарға жауап береді. 

Бейсен Құранбектің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясын жан-жақты түсіндіруге тырысқан автор адам болмысы қалай ашылады деген сұрақтарға өз жауабымен бөлісті. «Отбасы хрестоматиясы» жобасының дәстүрі бойынша кітаптың тұсауын арнайы шақырылған азаматтар емес, келген жұрт, яғни қарапайым оқырмандар салтанатты түрде кесті.