Қазіргі медицинаның мүмкіндігі зор. Дәрігерлердің біліктілігі, заманауи технологиялардың күші – заманауи медицина дамуының басты дәлелі. «ҚазЦинк» компаниясы облыс орталығындағы ауруханалардың біріне ота сапасын едәуір жақсартуға, сондай-ақ дәрігерлердің уақыты мен күшін үнемдеуге мүмкіндік беретін теңдесіз жабдықты сыйға тартты.

Облыстық аурухананың хирургиялық және травматологиялық бөлімінің ота жасау блоктары жаңа жабдықтармен толықты. Құны 67 миллион теңгеден асатын операциялық үстелдер мен арнайы шамдар «ҚазЦинк» компаниясының бұл медицина мекемесіне арнайы табыстаған сыйы. Дәрігерлердің айтуынша, осы жабдықтардың көмегімен жылына шамамен 800-ге жуық ота жасауға мүмкіндік бар. 

Жаңа жабдықтың артықшылықтары көрер көзге бірден байқалады. Үлкен құралдарды неғұрлым ықшам, шағын жасалған құрылғылар алмастырған. Олардың мүмкіндігі ескі жабдықтардан анағұрлым көп, тиімді тұстары да жеткілікті. Айта кету керек, бұған дейін тұрған ескі техника он бес жылдай уақыт жұмыс істеп келген. Мамандардың пікірінше, жылдам дамып келе жатқан медицина саласы үшін ол тым ескі еді. Ал, жаңа жабдық ақ халаттылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. 

Жомарттық шарасын ұйымдастырушылар заманауи ота үстелдері мен арнайы шамдар жергілікті дәрігерлердің қолындағы тиімді құралға айналатынына және мыңдаған науқастардың денсаулығын жақсартуға көмектесетініне сенімді екендіктерін жеткізді.