Өскеменде 17 қыркүйектен бері қолайсыз метеорологиялық жағдай. Қала тұрғындары арасында денсаулығына байланысты шағым айтушылар қатары да артқан. Барлығында бірдей симптомдар: тамақтың ауруы, жүрек айнуы. Ал, жауапты мекеме өкілдері  атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері бекітілген нормадан аспады деп отыр. 

 «Қалада жел тұрмаса, сыртта көп уақыт жүрмеу». Өскемендіктер үшін үйреншікті болып кеткен ереже. Себебі, ұзақ созылған серуеннің арты денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде тұрғындар арасында жүрегі айныған, тамағын күйік шалған, улану белгілері бар азаматтардың қатары артқан. Мамандар бұған басты себеп, зауыттардан шығатын зиянды заттардың атмосфераға тым көп бөлінуінен, дейді. Мәселені көтеріп денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жаңа диагноз түрін емдеу ісіне енгізуді ұсынған. Алайда, қанағат етер жауап жоқ. 
 
Өскеменде ауа сапасын бақылау 20 минут сайын жүргізіледі. Мәселен,  Қасым Қайсенов көшесіндегі №5 бекетте ауадағы зиянды заттардың мөлшері көп екені анықталды. Ал, кәсіпорындар шоғырланған өнеркәсіптік торапта оның мөлшері 1,5 еседен аспаған. Қазгидрометтің облыстық филиал басшысының сөзінсе сүйенсек, күкірт диоксидінің ең жоғары бір реттік концентрациясы тек бесінші бекетте ғана емес, қаланың өзге аудандарында да тіркелген.

Экология департаменті мамандары зиянды заттардың мөлшері артқан уақытта өндіріс орындарына толық режимде қызметті ұйымдастырмауға шақырады. Бұл өз кезегінде атмосфераға бөлінетін қалдықтардың мөлшерін төмендетуге сеп болады. Қала тұрғындары арасында денсаулығына шағым айтатындар саны да төмендейтін еді, дейді экологтар.