Жылыту маусымы қарсаңында ТЖД құтқарушылары алдын алу жұмыстарын күшейтті. "Жатақхана" республикалық акциясы аясында Өскемен жатақханаларының бірінде оқу-жаттығу өткізіп, іс-қимылдарды пысықтады. Басты мақсат – оқыс оқиға кезіндегі қауіпсіздік. 

Көгерген қабырғалар, ілулі тұрған ашық сымдар, істен шыққан өртке қарсы су құбырлары, жарықтың болмауы, түтін иісі сіңіп, қоқысқа толған дәліздер. Қабанбай батыр көшесіндегі бұрынғы жатақхананың бұл ғимараты Өскемендегі ең қауіпті ғимараттың бірі саналады. ТЖД қызметкерлері мұнда тексеріспен жиі келеді. Шамамен бір ай бұрын ғана пеш үстіндегі тамақ күйіп, өрт сөндірушілер шақырылып, тұрғындарды эвакуациялауға тура келді.

ТЖД мамандары атап өткендей, жатақханаларда өрт пен түтін өте тез таралады. Бірнеше минут ішінде тұрғындарды эвакуациялау өте қиын. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға жаппай жол беретін тұрғындар да құтқарушылардың жұмысын қиындатады. Мысалы, эвакуациялық жолдарды қоқысқа толтырып тастайды не бірнеше құралды токқа қатар қосады, жарамсыз электр сымдарын пайдалану т.т. Өрт қауіпсіздігі ережелерін білу деңгейін арттыру үшін құтқарушылар тұрғындармен өрт кезінде өзін-өзі ұстау ережелері бойынша нұсқаулықтарды түсіндіріп, шеберлік сағатын өткізді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстандағы тұрғын үйлерде 200-ге жуық өрт болды. «Тұрғындар арасында алдын алу жұмыстары жылыту маусымы қарсаңында өте өзекті», дейді ТЖ қызметкерлері.