Өскеменде Беларусь мәдени орталығының мерейтойлық концерті өтті. Аталған шара Достық үйінің 30 жылдық, Беларусь этномәдени бірлестігінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Шараға жергілікті өнерпаздардан бөлек, Павлодар облысынан келген бірлестік өкілдері де қатысты.  

Елімізде бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соның бірі – «Беларусь» этномәдени орталығы. Орталық жұмысының басты мақсаты – белорусь рухани бірлігі негізінде келушілерді топтастырып, тілін, мәдениетін, әдет-ғұрыптарын , дәстүрлерін, ұлттығын сақтап қалу. 

Мерейтойға алыстан ат терлетіп келген павлодарлық өкілдер де өнерден құр алақан емес. Мерекелік көңіл-күймен келген қонақтар тек беларусь тілінде ғана емес, қазақ тілінде де ән шырқады. 

Концертті тамашалауға дейін мұнда беларустардың қолөнер бұйымдары мен қуыршақтарының көрмесі өтті. Жасағандарын көпшілік назарына қойған «Ақ үкі» халықтар достығы үйінің шеберлері.

Беларусь этносы өкілдері үшін мерейтойларды бірге қарсы алу, беларусь әдет-ғұрыптарының элементтерін сақтай отырып жасалған бағадарламалар ұйымдастыру, әндерін орындау, ұлттық тағамдар дайындау бұлжытпас дәстүрге айналған. Бұл жолы беларусь этномәдени бірлестігі мерейтойын тойласа, жыл соңына дейін тағы 6 осындай этномәдени орталық мерейтойын атап өтпек.