Кез-келген қазақстандық ірі компаниялардан дивидендтер ала алады. Елде «Халықтық  IPO » бағдарламасы жүзеге аспақ. Мақсаты – Қазақстан азаматтарына ірі ұлттық компаниялар акцияларын сатып алуына ықпал ету. Осылайша, халықтың кірісін көбейту. Бұл капиталды көбейтудің жаңа қаржылық құралы. Ал, құйылған ақшаны ұлттық компаниялар өзінің әрі қарай дамуына, қызметін жақсартуға, кеңейтуге жұмсамақ. Ел игілігі үшін жасалып жатқан бағдарлама басталмастан, қаражатты басып қалғысы келетін алаяқтар да пайда болуда. Олардың құрсауына түсіп қалмау керектігін мамандар ескертті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа жолдауында жер халықтікі екенін, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мен табиғи рессурстарын иемденуге  ешкімнің хақысы жоқ екенін атап айтты. Бұл заң нормасы алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсыныста айтылып, кейіннен қабылданды. Ал, қазір сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыратын кез келді. Маусым айында «Самұрық Қазына» ұлттық қоры «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Халықтық  IPO»-ға шығатынын жариялады.

Қарапайым қазақстандықтарға ұлттық байлықтан расымен де үлес тие ме? Иә, бұл мүмкін. Ең алдымен құнды қағаздарды сатып алмас бұрын компанияны бүге-шүгесіне дейін зерттеп, кірісі мен шығысын анықтап алу керек. Мемлекет басшысы әрбір қазақстандық ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге құқылы деп санайды.

Сала мамандарының айтуынша, барлық құжаттарды тек сенімді көздерден, компаниялардың ресми сайттарынан жақсылап тексеріп алған жөн. Әлі де ел ішінде ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүреді. Қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ. Барлық аймақтар қамтылады. Салымшыларға қосымша көмекті AIX және KASE, Halyk Bank, Bank Center Credit қор биржалары көрсетеді. Сондай-ақ, іс жүргізуді Tabys мобильді қосымшасы арқылы реттеуге болады. Бұдан бөлек құнды қағаздар нарығындағы ресми қатысушылардың бірі – «Қазпошта» 2000 жылдан бастап брокерлік қызмет көрсетуде.

Гүлназ Оразаеваның айтуынша, биыл акцияларды сату қызметі бойынша «Қазпоштаның» 1170 бөлімшесі жұмыс істейді. Құнды қағаздарды сатып алу тек қала тұрғындарына ғана емес, ауыл-аймақтағы ағайынға да қолжетімді.