Ел Президенті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылу қажет екендігіне ерекше тоқталып өтті. Мемлекет басшысы «Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет» екенін алға тартып, сот жүйесін реформалау үрдісі жалғаса беретінін айтты. Осы орайда сот төрелігін атқару ісін біріздендіру мақсатында цифрлық талдау жасайтын арнайы құрал әзірленуде. Жасанды инттеллектуалды жүйені толық енгізуге дайындық жұмыстары басталған. Бүгінде 2022 жылға арналған сот жүйесін цифрландыру стратегиясы өңірлерде кеңінен көрініс табуда. 

Аймақтың облыстық, аудандық және оған теңестірілген сот ғимараттарындағы 90 сот мәжіліс залдарының барлығы заманауи дыбыс және бейнежазба құралдарымен қамтылған. Яғни, барлық сот процестері бейне және үнтаспаға міндетті түрде жазылып, сақталады. Соттардың бәрінде ақпараттық технологиялар: «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі және оның мобильді қосымшасы істеп тұр. Сот істері онлайн форматта қаралады. Цифрлық сот сараптамасы әзірленді. Қазіргі уақытта смарт жүйелер мен жасанды интеллект енгізу саясаты қарқынды жүргізілуде. 

Бүгінде сот ісін жүргізуді жетілдіру және ел азаматтары үшін сот жүйесінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін «сот кабинетінің сервисі» іске қосылған. Бұл электрондық ақпараттық сервис тәулік бойы жұмыс істейді.  Кез келген адам үйінде не болмаса жұмыста отырып та цифрлық қолтаңба арқылы сайтқа кіріп, тиісті сот шешімдерімен танысып, керекті құжаттарын ала алады. 

Қазіргі уақытта сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығы негізінде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Электрондық қызмет көрсету түрлері жаңарып, заман ағымына сай төселуде. Ал инновациялық технологияларды кеңінен қолдану сот жүйесін жетілдірудің басым бағыттарының бірі.