Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін аспалы көпір құрылысы өткен жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта көпірдің 21 тірегінің 9-ы орнатылды. Құрылыс жұмыстары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылуда. Аймақ тұрғындары бұл бастаманы 50 жыл күткен еді.Нысанды мерзімінде, нақтылап айтсақ, 2024 жылдың желтоқсанында тапсыру үшін құрылысшылар уақытша  көпірді салды. Сонымен қатар негізгі жол айрығының құрылысы қатар жүргізілуде. Атап өтейік осы сынды нысанның құрылысы елде бұрын-соңды  іске асырылмаған.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір Қазақстандағы ең ұзын жол айрығы. Оның ұзындығы 1300 метрден асады. Құрылыс жұмыстары оң және сол жағалауда қатар жүргізілуде. Табиғи-климаттық, сондай-ақ маусымдық ауа-райының өзгерістеріне төзімділікті арттыру үшін көпір салушылар жобаға бірнеше рет өзгеріс енгізген. Алдымен уақытша көпір салынуда. Жоба бойынша көпір құрылысы су бетінен басталуы керек еді. Алайда, дауыл мен қыс мезгілінің ұзаққа созылуына байланысты нысанды тапсыру мерзімі ұзартылды.

Жаңа өткелдің тіректері 40 метрден астам тереңдікке кетеді. Әр тіректе мұз кескіштер орнатылады. Көпірдің су үстіндегі 212 метр жеріне диаметрі 1000 және 1450 см болатын арнайы темір тіреулер қағылып, беті бетон конструкциямен жабылған.

Нысан қолданысқа берілген соң 3 аудан – Күршім, Тарбағатай және Зайсан тұрғындары облыс орталығына емін-еркін қатынай алады. Логистика да түбегейлі өзгереді. Паром өткелінің бағасы енді тауарлардың құнына енгізілмейді. Сондай-ақ аймақтағы туризм, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік салаларының дамуына серпін берілмек.

Көпірді 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Өткел тәулігіне 20 мыңнан астам автомобильді қабылдауға қауқарлы. Стратегиялық нысан заманауи күзет жүйелерімен жабдықталмақ.