Өскеменде шартты жер үлестері есебінен құрылған агроқұрылымдар құрылтайшыларының құқықтары мен міндеттері тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. 

Жер учаскелерін ұтымды пайдаланып, аталмыш салаға  қомақты қаражат салатын азаматтар жетерлік. Олар жақсы өнім алып, құрылтайшылармен жыл сайын есеп айырысып отырады. Алайда, өз міндеттерін ұмытып кететіндер де жоқ емес.

ЖШС-нің арасында ортақ қаржыны бөлу тоқсандық, жартыжылдық және бір жылдық есептелген көрсеткіш бойынша кезекті жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес жүргізіледі. Нәтижесінде, әр қатысушы жарғылық капиталдағы өз үлесін алуға құқылы. Төлем бір ай ішінде жүргізілуі тиіс. Қаржылық есептің дұрыстығын және істердің жай-күйін тексеру және растау үшін ЖШС құрылтайшылары сыртқы аудит жүргізу үшін аудиторлық ұйымды тартуға құқылы.

Айта кетейік, агроқұрылымдарды кредиттеуге байланысты әлі де өзекті проблема бар. Мәселен, агроқұрылымдар құрылтайшылардың келісімінсіз жерді банктерге кепіл ретінде қояды. Нәтижесінде агроқұрылым несие ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындамастан банкротқа ұшырайды. Осыдан кейін жерді банктер сауда-саттыққа шығарады. Салдарынан пайшылар өздерінің пайлары мен жер құқықтарынан айырылады. Мамандар мұндай жағдайлардың алдын-алу үшін ауыл тұрғындарына құрылтайшылар жиналысына жиі қатысып, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды ескертеді.