Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қоғамда заң үстемдігі орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет екендігін атап өтті. Ол үшін қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, судьялардың жауапкершілігін күшейту, тәуелсіздігін арттыру сияқты маңызды тақырыптар қозғалды. 

Жолдаудағы «Заң және тәртіп» бағдары сот жүйесін реформалауға қатысты. Бұл жерде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың жауапкершілігін күшейту, соттардың тәуелсіздігін арттыру, барлық судьялардың мәртебесін теңестіру сынды бірқатар өзекті мәселелер көтерді. 

Сондай-ақ, Жолдауда судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру жайлы сөз қозғалды. Яғни, енді қандай да бір істі қарау барысында өрескел қателік жіберген судьялар қатаң жазаланатын болады. 
Рашат  Шерияздановтың айтуынша, аталмыш жаңашылдықтарға байланысты Жоғарғы сот кеңесі және Жоғарғы сот заң жобасын әзірлеуде. Сот жүйесіндегі осындай оң өзгерістер әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болмақ дейді мамандар.