Аймақта иммундық тапшылық инфекциясын жұқтырған 3000-ға жуық адам бар. Ал олардың 10-15 пайызы дерттің 4-ші сатысында. Дәрігер тағайындаған ем-домды  2700-ге жуық науқас алып жатыр. Ақ халаттылардың сөзінше, қауіпті індетті жұқтырғандардың басым бөлігі жастар. Науқастардың орташа жасы 20-45 жас аралығындағылар. Қауіпті індетпен күрес шаралары өңірде қалай жүзеге асырылуда?
Ауру айтып келмейді. Жүре пайда болатын иммундық тапшылық – иммундық қуаттың әлсіреуіне соқтыратын жұқпалы ауру. Ол зақымданған тері арқылы қанға түскен соң ағзаның қорғаныс шебі саналатын лимфа тіндеріне шабуыл жасайтын аса қатерлі дерт.
1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні деп белгіленді. Басты мақсат – дертке шалдыққан адамдарға қолдау білдіріп, аурудан көз жұмғандарды еске алу.
Мамандар жылына 1500-ге жуық пациентті қабылдайды. Қазіргі таңда инфекция жұқтырғандар саны өршіп барады, дейді мамандар. Емханада бүгінгі күні 20 жүкті әйел тіркеуде тұр.
АИТВ үш жолмен беріледі – бірінші, есірткі заттарын бір инемен екі адам қолданса, екінші, жыныстық жолмен және үшінші, жүктілік кезеңде, босану сатысында, сондай-ақ емізу кезінде.
Орталық мамандары АИТВ-мен және өзге де созылмалы аурулармен өмір сүретін жандарға жағымсыз күйзелістерге бой алдырмай, физикалық және психологиялық денсаулықты сақтауға және нығайтуға көмектесіп, дискриминацияны жою мақсатында түрлі шараларды қолға алуда.
АИТВ инфекциясы 4 сатыдан тұрады. Оның соңғы сатысында науқастың иммунитеті төмендеп, түрлі қосымша аурулар мен асқынулар пайда болады.
Сырқат ерте анықталса, дәрігер тағайындаған ем өз нәтижесін береді. Сондықтан  дертке шалдыққан науқастар тұрақты негізде дәрігерге қаралып отыруы шарт.
Ал аймақта індетке қарсы күрес шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.