Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жарналарды төлеудің жаңа механизмі іске қосылды. Енді сақтандырылған тұлға мәртебесін бір жыл бұрын алуға болады. Ал, ең басты ерекшелік - бұрын төленбеген айлар кешіріледі, ақысын төлеп әуре болмайсыз. МӘМС жүйесі бойынша жарна төлеудің жаңа нысаны биыл 5 қыркүйектен бастап күшіне енген. Енді жүйеге тіркелген азаматтар мәртебесін бір жыл бұрын анықтай алады.
Төлемді Қазпошта немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы жасауға болады. Бүгінгі таңда 308 шығысқазақстандық жаңа механизмді қолданып үлгерді.Дегенмен, медициналық сақтандыру жүйесінен қалыс қалған 132 мың адам әлі барын айта кеткен жөн. Алайда, олар дәрігердің көмегінсіз қалмайды. Ал ол азаматтар медициналық көмекті кепілдік берілген көлемінің бөлігі ретінде алады.
Облыстың медициналық сақтандыру қоры қазіргі таңда 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемелерімен келісімшартқа отырған. Оған 16 мемлекеттік және 9 жеке меншік ұйым кіреді. Алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына тіркелу науқаны 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өткен болатын. Өңірдегі емхананы таңдау құқығын 700 мыңнан астам адам пайдаланды.