"Қазгидрометтің" ақпараты бойынша, облыстың солтүстік-шығысында сынап бағанасы минус 42 градусқа дейін төмендейді. Күн райының тозын мінез танытып, қатты аязға ұласуына байланысты облыстық білім басқармасы мектеп оқушыларының бүгіннен бастап қашықтан оқытуға көшкенін хабарлады.

Кеше түнде  Ақжар ауылынан 30 шақырым жерде қар құрсауында қалған көлік жүргізушісіне Тарбағатай ауданының құтқарушылары көмекке келді. Жүргізуші төтенше жағдайға тап болған соң, бірден  "112" желісіне қоңырау шалған.  ШҚО ТЖД құтқарушылары автокөлікті қалың қардан шығарып, оны жолдың тазартылған учаскесіне жеткізуге көмек көрсеткен.

Ал Зайсан ауданындағы Омбы-Майқапашағай тас жолында 16
жүк көлігі қар құрсауында қалып қойған.  Облыстық ТЖД ақпараты бойынша, жүргізушінің біріне дәрігерлердің көмегі қажет болған. Ер адамның қолын аздап үсік шалған көрінеді. Ол жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізілді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген.

Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында жоғалып кеткен шопандар табылды.  Шаруа қожалығының басшысы ТЖД құтқарушыларынан көмек сұрап, ауыл маңында бір отар қой жоғалып кеткенін хабарлаған. Іздестіру шаралары барысында 1963 жылы туған ер адам "Жадыра" шаруа қожалығынан 5 шақырым жерден жерде табылған. Ал екіншісі өз бетімен оралған.