Соңғы тәулікте толассыз жауған қар өскемендіктерді әбден әбігерге салды.  «Жаяу жүргіншілер жолы қалың қардан тазармай, аяқ алып жүру қиындай түсті» дейді тұрғындар. Инертті материалдарды қала көшелеріне уақтылы  сеппесе, адамдардың еркін жүріп-тұруы қиындамақ. Бұл мәселеге жауапты мекеме басшылары не дейді? Комуналдық қызмет өкілдері осы уақытқа дейін қанша куб қар шығарды?
Тұрғындар шаһардың орталық көшелері ғана тазартылып, ал шет жақтағы көшелер ұмыт қалды, дейді. Жауапты мекеме өкілдері тезірек қаланы қардан аршыса екен деген тілектері де бар.
Ал, комуналдық қызметкерлер  өз жұмыстарын бекітілген жоспарға сай істеп жатқандарын айтып ақталды. Облыс орталығындағы негізгі көшелерді қардан аршудамыз, дейді. Тазалық жұмыстарына 114 техника тартылған.
Жауапты мекеме қызметкерлері күн жылынғанша  жолдардағы үйінділерді толықтай  тазалап бітіреміз, дейді.