Аязды күндер басталғалы Өскемендегі қазандықтың бірінде апат болды. Бірнеше көп қабатты үйлер жылусыз қалды деген ақпарат желдей есті. Қала тұрғындары арасында да пәтерлері бұрынғыға қарағанда салқындап кеткенін айтып, әлеуметтік желіде жарыса жазғандарда болды. Көпшіліктің арыз-шағыманан кейін Өскемен жылу-электр орталығы өкілдері жиын өткізіп, қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Соңғы аптада елде жылыту қазандықтары бірінен соң бірі істен шығып, тұрғындар келеңсіз жайтқа тап болған еді. Кей аймақтарда төтенше жағдай да жарияланды. Қатты аяз салдарынан Өскемендегі жылыту қазандығында да апат болды деген ақпарат тарады. Тұрғындар арасында аталған мекеме қызметіне арыз-шағымын білдіргендер де болды. Дегенмен, мәселенің ақ-қарасын ашу үшін  Өскемен жылу-электр орталығы арнайы жиын өткізген болатын. Кәсіпорынның жөндеу жөніндегі директоры Тоқтар Ақтайлақовтың айтуынша,  мекемедегі жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда қазандық өкілдері қызмет барысында бірнеше кедергіге тап болғанын жасырмады.
Мекеме өкілдерінің айтуына қазір судың температурасы 96 градусты көрсетіп тұр. Бірақ 8-12 сағаттан кейін бұл көресткішті 106 градусқа жеткізу көзделген.
Жылыту қазандығында биылға  жоспарланған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал орталық 75 жыл бойы тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ешқандай апат болмады, дейді кәсіпорын өкілдері.