Дамыған технологияның арқасында көз кемістігі бар жандар енді әлем алыптарының кез келген туындысын, қазақ зиялыларының шығармасын еш кедергісіз оқи алады. Аймақтағы зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Браиль» шрифтімен кітап басып шығару қолға алынды. Мұндай теңдесіз құрылғы бұрын соңды облыста болмаған.
Облыстағы зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында арнайы қондырғының көмегімен көру қабілеті төмен жандарға арналып, кітап басылып жатыр. Мамандар көбіне отандық авторлардың шығармаларына сұраныс көп, дейді. Сондықтан, алдағы уақытта қазақ әдебиетінің көркем шығармаларын көптеп басу жоспарда бар.  
Сондай-ақ, бұл компьютерлік тифлокешенде белгілі шығысқазақстандық жазушыларының да кітаптары оқырманға жол тартты. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, бұл шығармалар оқырмандар арасында айтарлықтай танымалдыққа ие.
Денис Ишунин, кітаптардағы мәтінді «Браиль» шрифтіне салушы маман.Ол бір ай ішінде шығарманың көлеміне қарай екі кітапқа дейін басып шығаруға мүмкіндік бар екенін айтады. Білікті маман, компьютерлік тифлокешеннің көмегімен отандық жазушылардың кітаптарын көз кемістігі бар жандар еш кедергісіз оқи алады, дейді.
Келер жылы кітапхана мамандары тағы 20 кітапты басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұл әлемдік әдебиет классиктерінің де, қазақстандық жазушылардың да шығармалары болмақ.