Өңірде эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды мерекелік кеш өтті. Өнер адамдарының шығыс еліне арнаған тілектері көрермендерді жігерлендіріп, кеш көркін қыздыра түсті. Концерттің басты мақсаты – шығыс өңірінің тұрғындарына әдемі көңіл-күй сыйлау.
Ертіс концерт кәсіпорнында өткізілген ауқымды кеште Бақтияр Тайлақбаев, Өктем Алтай, Жұбаныш Жексенұлы, Мұқасан Шағзадаев сынды көпшілікке танымал жұлдыздар өнер көрсетті. 20-ға жуық өнерпаз әннен шашу шашты.
Әнді жүрекпен айтып жүрекке жеткізе білетін әнші Жұбаныш Жексенұлының айтуынша өнер - халықтың табиғи шежіресі. Сондықтан ұлттық өнерді қашанда ұлықтап, ұмыт қалдырмаған абзал.
Қашанда халықтың ықыласына бөленіп, көпшіліктің батасын алу өнер адамы үшін үлкен бақыт, дейді белгілі әнші Мұқасан Шағзадаев.
Әнші Бақтияр Тайлақбаевтың айтуынша, «Алматы Әуендері» концерттік бірлестігінде қазіргі уақытта 650 адам жұмыс істейді. Оның ішінде, 40-қа жуық елге танымал әншілер.  
 «Алматы Әуендері» концерттік бірлестігінің қоюшы режиссері Дарын Қалибекұлының айтуынша, алдағы уақытта да мұндай гастрольдік сапарларды ұйымдастыру жоспарда бар. Халықтың көңілінен шығып, жанына махаббат сыйлау өнер адамының басты миссиясы.
Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі.
Талғамы биік көрерменнің айтуынша, концерт жоғары деңгейде өтті. Тамашалаған жандар шара соңына дейін көтеріңкі көңілде болды.
Өнер эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Себебі, өнер адамның рухани дамуы мен дүниетанымының қалыптасуымен әсер етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.