Қазіргі уақытта шаһар көшелерін кезіп жүрген иесіз иттер көбейген. Жергілікті жұртшылықтың мазасын қашырған хайуандарға қатысты шағым да көп. Ауыл шаруашылығы басқармасының эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің мамандары бұл мәселе төңірегінде не дейді?
Қалада иесіз иттер жұрттың мазасын қашыруда. Бұл төрт аяқтылар қалаға жақын орыналасқан елді-мекендерден келген. Енді бірін  иелері керексіз қылғандықтан босатып жіберген. Олар шаһар ішіндегі қоқыс тастайтын орындарды аралап күнелтеді. Ал, ветеринар мамандар «қаңғыбас иттер» туралы көп арыз  келетінін айтады. Қаланың о шетімен, бұл шетінен түсетін шағымға дер кезінде үлгере алмай жатамыз дейді, жауапты мамандар.
Бауыр еті баласы үшін алаңдаған ата-аналар әсіресе қаңғыған жануарлар үшін наразы. Кейбіреуі «ондай үй жануарларынан қауіп көп, атып, құрту керек» десе, енді бірі «мемлекет ізгілік көрсетіп жануарларға пана болар жер ашу қажет» дейді.
Иесіз төрт аяқтыларды аулауда суық қару қолданылмайды. 10 метрге дейін ұшатын шприц құрылғысымен иесіз иттер құрықталады.