Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Сондықтан облыстағы елдімекендерге ғаламтор тартуға ерекше назар аударылған. Бүгінде аймақтағы 363 елдімекеннің 160-да сапалы интернет қолжетімді. Мәселен, Катонқарағай ауданында 48 ауылдың 19-ы ғаламтор желісі бар.
    
Мына станцияның іске қосылуы Катонқарағай ауданына қарасты Барлық және Коробиха ауылдарының тұрғындарын қуанышқа бөледі. Өйткені, сапалы интернет мүмкіндікті арттырып, қолды қысқартты. Тұрғындар мемлекеттік қызметтерді аудан орталығына бармай, тіпті, үйінен шықпай-ақ электронды форматта ала алады.

Аймақта облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша өңір елдімекендерін интернетпен қамтамасыз ету бойынша ұялы телефон операторларының лицензиялық міндеттемелерінің орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мамандары арнайы осы ауылдарға барып, интернеттің сапасын, жылдамдығын тексерді. Нәтижесінде бұл ауылдарда «4G» ұялы байланыс қызметі еш кедергісіз жұмыс істеп тұрғандығы анықталды.

Айта кету керек, бүгінде облыста лицензиялық міндеттемелердің орындалуын мониторингілеу үшін 131 елдімекенге тексеру жүргізілген.  Бұл жұмыстар болашақта өңірдегі барлық ауылдарды сапалы ғаламтор желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, дейді мамандар.