Өскемендегі университеттердің бірінің студенттері өсімдік шикізатынан құрамында дәрумені мол өнім алып, кең қолданысқа шығаруды ұсынып отыр. Мұның адам денсаулығына пайдасы өте зор. Жоба авторларының сөзіне сенсек, мұндай жоба елімізде бұрын-соңды қолға жүзеге аспаған. Ерекше ғылыми жұмыстың авторлары - «Биология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Диляра Мейірхатова мен Аружан Әмірова. Университетішілік стартап жобалар байқауында үздік атанған жобаның мақсаты – бидай, сұлы, қарабидай, жасымық, қарақұмық өсімдіктерінің шикізаттарының мүмкіндігін пайдаланып, құнарлы өнім алу. Аталған өсімдіктер адам ағзасына қажет аскорбин қышқылы, магний, кремний, марганец, калий сияқты әртүрлі элементтерге бай.

Жоба авторларының айтуынша, бұл жұмыс елімізде қолға алынбаған. Адам денсаулығын нығайтатын өнімдер шетелден әкелінеді. Әрине, бағасы да қымбат.
Студенттердің жобасы қазірдің өзінде-ақ көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Жас ғалымдар бұл бағытты одан әрі дамытып, түрлендірмек ниетте.