Шығыс кентінің оқушыларына бағдарламалау жүйесін меңгеріп, робототехника саласын үйренуге мүмкіндік туды. Оралхан Бөкей атындағы №12 филиалында «Жас IT маманы» жобасы іске қосылды. Игі бастама «Казцинк» компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.
Шығыс кентіндегі балалардың білімге деген құлшыныстары өте жоғары. Әр оқушы робототехника және модельдеу сабақтарында өз қиялын жүзеге асыруға асық.
Үйірме шәкірттері мұнда мобилді қосымшаларға код жазу, компьютерлік ойындарды құрастыру сынды қажетті дағдыларды меңгереді. Алған білімдері баланың болашақта мықты маман иесі болуына септігін тигізеді. Төртінші сынып оқушысы Алдияр Әділұлы IT маманы болуды армандайды. Қазіргі уақытта мақсатына нық сеніммен қадам басып, өзін осы салада шыңдауда.
Сонымен қатар, кітапханада балалар бағдарламалау жүйесі, 3D-модельдеу, 3D басып шығару және робототехника саласын меңгереді. Курс бір жылға негізделген. Сабақтар білікті жас мамандардың жетекшілігімен жүргізіледі. «Lego» конструкторы арқылы өнертапқыштар роботтардың жеңіл үлгілерін құрастырып, олардың қимыл қозғалыстарын қосымшалардың көмегімен бағдарламалауды үйренеді.
Шығыс кентінде жалпы саны 6123 тұрғын бар. Оның 80 пайызы Қытай мен Моңғолиядан келген қандастар. Кенттегі жалпы білім беретін мектепте 866 бала оқиды. Көпшілігінің қала орталықтарына үйірмелерге баруға мүмкіндігі болмай жатады. Бұл IT – орталықтың осы жерден ашылу себебі де сондықтан.
Жобаның мақсаты "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының қағидаттарына негізделген. Айта кетейік," Қазцинк " компаниясы мен О.Бокей кітапханасы бірлескен жобаны бірінші рет жүзеге асырып отырған жоқ. Осыған дейін кітапханада  компанияның қолдауының арқасында ерекше балаларды оқытуға арналған интерактивті тақта сондай-ақ жоғары технологиялардың көмегімен түрлі көрмелер көрерменге ұсынылуда.