Бүгінде қатерлі ісік ауруы тек денсаулық сақтау саласының ғана емес, жалпы қоғамның мәселесіне айналып отыр. Жақында облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында жатыр мойны обырын алдын алу мақсатында ашық есік күні ұйымдастырылған болатын. Бір күннің ішінде тексерістен өткен қаралушылар қатарында қатерлі ісікке шалдыққандар анықталды.
Адам ағзасында қатерлі дерт ертерек анықталған жағдайда құлан-таза жазылу мүмкіндігі жоғары болғанымен, алдын-ала тексерістен өтпесе асқыну қаупі бар. Өкініштісі сол – аурудың алғашқы белгілері білінбеген соң халықтың басым бөлігі «қолын мезгілінен кеш сермеп» жатады. Онкология орталығындағы бөлім меңгерушісінің айтуынша, ашық есік күні орталыққа 162 адам қаралған.
Облыста жатыр мойны обыры диагнозымен 889 азамат есепте тұр. Сол үшін де әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны абзал. Ісік әбден асқынып, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Осыны негізге алған мамандар тұрғындарға ашық есік күнін жүргізіп, тегін тексеріс шараларын ұйымдастырған.
Дәрігерлер тексеру жұмысын күшейткеніне қарамастан, қала тұрғындарының арасында аурудың I-II сатысында тұрған науқастар анықталуда. Дертті тізгіндеу мақсатында 4-ақпан күні облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында тексерістің барлық түрінен ашық есік күні өтеді.