Өскемендегі түзеу мекемелерінің біріне кезекті рет тыйым салынған есірткі затын абақты ішіне кіргізбек болған. Бұл туралы облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ірі көлемдегі психотроптық дәрі-дәрмекті өткізу әрекетін жабық мекемені түнгі күзетуге шыққан колония қызметкерлері анықтап, заңбұзушылықтың жолын кескен. Қазіргі уақытта бұл жағдай бойынша әкімшілік іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткі затын 30 жастағы азамат скотчпен орап, такси шақырып, Аблакеткадағы №16 түзеу мекемесіне жеткізген. Ал такси жүргізушісі жолаушыда қандай зат болғанын, оны қайда апара жатқанын түсінбегенін айтып ақталуда. Түнгі кезекшілікке шығып, жабық мекеменің аумағын күзеткен колония қызметкерлері абақты жанына келіп тоқтаған көлікке ерекше назар аударып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген.
    
Жеке тінту кезінде жолаушыдан лентамен оралған екі бума және белгісіз сұйықтық құйылған үш шағын бөтелке табылып, тәркіленген. Сәлемдемелер ашылғанда, ішінен жарты келі тағамдық көкнәр, 130-дан астам трамадол таблеткасы және екі бөтелке тропикамид табылған. Мұның бәрі психотроптық әсері бар есірткі заттары.  
Облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметі бұл іске қатысты тағы да қосымша ақпаратты тергеп-тексеру амалдары аяқталған соң хабарлайтындарын айтады.