«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл өңірде 64 жобаны іске асыру көзделген. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудан әкімдерімен өткізген кеңес барысында айтты. Негізгі бағыт - тірек ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту.
 «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы  аясында биыл өңірде үш жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда Марқакөл, Үлкен Нарын мен Катонқарағайда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Қалған 61 жоба негізінде мектептерді, ауылдық клубтар мен медициналық мекемелерді жөндеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қазандықтар мен жылу желілерін жаңғырту, жолдар мен көшелерді жөндеу және көше жарығын орнату қарастырылған. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл жобаларға арналған конкурстық рәсімдерді ақпан-наурыз айларында өткізіп, маусымның басында құрылысқа кірісетін мердігерлер мен қаржыландыру көлемін айқындап,  іске кірісу қажет екенін атап өтті.
Мұнымен қоса аймақ басшысы Зайсан ауданында суару жүйесін салу жобасын тағы да егжей-тегжейлі қарастыру қажет екенін тапсырды. Сондай-ақ, жиында күн тәртібіндегі өзекті мәселе – көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарға ерекше назар аудару керектігі ескертілді.
Еске салайық, 1 ақпанда Төтенше жағдайлар департаменті жоғары дабыл режимін жариялаған болатын. Сондықтан қала мен ауыл әкімдеріне су басуы мүмкін делінген барлық елдімекендерді тексеріп, бақылауға алу тапсырылды.