Облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аймақтық  кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында қаралған басты мәселе - су тасқынына дайындық жұмыстары.
Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, облыста 1 ақпаннан бастап су тасқыны кезеңіне дайындық режимі бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар аймақтан 191 000 текше метрден астам қар шығарған. Су тасқынының алдын-алуға  1 719 бірлік күш, 224 мотопомпа, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 83 жүзу құралы, сондай-ақ 750-ден астам техника топтастырылған.
Су тасқыны ахуалына ден қою жоспарлары да әзірленген. облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов облыста су  басу қаупі бар 71 елдімекен бар екенін атап өтті. Оның ішінде 15 елдімекенде қауіп толығымен жойылып, 46 аймақта азайтылған. Су тасқыны кезеңінде Алтай, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай, Катонқарағай және Зайсан аудандары ерекше бақылауда.
Қазіргі таңда қар жамылғысының биіктігі 14 см -ден 95 см-ге дейін. Жалпы гидрологиялық жағдай тұрақты. Ал, өзен арналарындағы су деңгейі шекті белгілерден төмен.Температураның күрт жоғарылауы су тасқыны жағдайының күшеюіне алып келуі мүмкін, дейді "Қазгидромет"мамандары.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі органдарға төтенше жағдайдың алдын-алу бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, ТЖД құрамының дайындығымен танысты.