Облыс орталығында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың халық алдындағы бірінші есептік кездесуі өтті. Шара барысында шаһар басшысы өткен жылы жүзеге асырылған инфрақұрылымды дамыту жобаларына, сондай-ақ, алдағы жоспарларға тоқталды.
19, 20, 21, 25 және 27 шағынаудан тұрғындарымен кездесуде Өскемен қаласының әкімі биыл қаланың Сол жағалауында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды. 2023 жылға арналған басты міндеттердің қатарында 600 орындық екі мектеп салу, 21 ауданға су құбыры желісін тарту, 20 және 21 аудандарға сорғы стансасын орнату, 21 және 27-дегі жолдарға ірі көлемдегі қиыршық тастарды сеуіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу бар. Сондай-ақ, электр жүйесімен қамту мәселелерін шешуге көп көңіл бөлінуде.
  Биыл қала шетіндегі шағынаудандарды дамытуға көңіл бөлінеді.
Жиын соңында тұрғындар әкімге сұрақтарын қойды. Негізінен, көбінің өтініштері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты. Бұл қоғамдық көліктің ретсіз қозғалысы, аббатандыру мен жарықтандырудың болмауы сияқты мәселелер. Қала әкімі көтерілген түйткілді мәселелердің барлығын қарастырып, бақылауға алуға уәде берді.