Облыстық ТЖД мамандары мен құзыретті орган өкілдері брифинг өткізіп, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар туралы баяндады. Қазіргі уақытта аймақта еріген қар мен жауын-шашынсалдарынан төнетін қауп әлі де сейілген жоқ. Әсіресе, таулы аймақтардағы өзендер ерекше бақылауда.
Биыл айлап айбынына мінген үскірік аяз, толассыз жауған қар, оған қоса буырқанған боран  шығысқазақстандықтардың есінен кетпесі анық. Одан бөлек ТЖД мамандары көктемнің де кербез мінезіне төтеп беру амалдарын қарастыруда.  Айтуларынша, ауылдық округтердің әкімдерімен су басу қаупінің алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзен арналары мұз бен қоқыстан тазартылуда.
Облыста су  басу қаупі басым 71 елдімекен анықталған. Ол аймақтарда 14047 адам тұратын 5007 тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта 15 елдімекенде бірқатар шаралар жүргізіліп, тасқын қатері жойылды. 46 учаскеде қауіп сейілді.
Оқыс оқиға орын алған жағдайда тұрғындар эвакуцияланатын тұрақ дайын. Қала және аудан әкімдері жалпы сыйымдылығы 6500 адамнан асатын 68 уақытша орналастыру пунктін әзірледі.
Мамандардың сөзінше, Алтай, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай, Катонқарағай және Зайсан аудандары еріген қардың зардабын тартуы мүмкін.