Облыс орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындарына қолдау көрсетіліп, қалаған кәсіптерімен айналысуға мүмкіндік туды. Арна тілшілері игі шараның куәсі болып қайтты. Сюжет көрелік...

Жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары облыста қарқынды. Өңірде аталған мәселені шешу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Таяуда Өскеменде кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мақса - екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек көрсету. Игі шараға мұрындық болған облыс орталығындағы «Мансап» орталығы.

Жәрмеңкеге өңірдегі мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардан 40-қа жуық жұмыс беруші қатысты. Оның ішінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімі бар. Бос орындар жәрмеңкесіне әскери сала мамандары жылдағы әдеттен жаңылмай үшінші мәрте қатысып отыр.

Жәрмеңкеде жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қарасы қалың. Соның бірі – Бахаргүл Болатбек. Ол төртінші курс студенті. Биыл оқуын тәмәмдап, қолына дипломын алады. Бұл шара тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді,- дейді.

Қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеу үшін Мансап орталығына келу міндет емес. Көрсетілетін қызмет электронды форматта жүргізіледі. Сондықтан жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де барлық қызметті қашықтан ала алады.