«Казцинк» қоршаған ортаны бақылаудың автоматты жүйесін орнату жобасын жүзеге асырған өңірдегі алғашқы кәсіпорындардың бірі. Бірінші кезеңде құрал-жабдықтар Өскемендегі, одан кейін Риддердегі зауыттарда орнатылды. Айта кетерлігі, бұл инновациялар Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі аясында жүзеге асырылды.

 «Қазмырыш» компаниясының Риддер металлургия кешені күкірт қышқылы бөлімшесі мен вельцтеу цехының түтін құбырларында улы газдардың шоғырлануы туралы нақты мәлімет беретін аранайы датчиктер орнатылды.

Сондай-ақ, автоматтандырылған бақылау жүйесі Риддер металлургия және кен байыту кешендерінің сарқынды сулары ағып шығатын жерлеріне де орнатылды. Аталған жүйелер рН орта, су шығыны, температурасы, электрөткіштігі және лайлылығы бойынша бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. «Казцинк» экологтарының айтуынша басты жетістіктердің бірі - Риддер өзеніне штатты су жіберу шығыны 8 қысқарды.

Автоматты бақылау жүйесі деректерді бірнеше бағыт бойынша бақылайды. Қандай да бір өзгеріс байқалса қызметкерлер бірден іс әрекетке көше алады.

Автоматтандырылған экологиялық бақылау жүргізу жүйесін орнатуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Компания экологтары қазіргі кезде қоршаған ортаға әсер ететін жағдайлардың алдын алып, оны азайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуде.