Білім басқармасы мен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің ұйымдастыруымен облыс орталығында «Ашық жүрек» атты волонтерлердің слеті өтті. Онда өңірдің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Шараның мақсаты жастарды қайырымдылыққа шабыттандыру.
Слеттің негізгі міндеті - волонтерлік топтардың тәжірибе алмасуы және оларды өзара ынтымақтастыққа шақыру. Өңірде 14 волонтерлік фронт-кеңсе жұмыс істейді: бір облыстық, екі қалалық және 11 аудандық. Ұйымдастырушылар волонтерлер саны жыл сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Қатысушылардың айтуынша, волонтерлік қызмет қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, көптеген жағымды эмоциялар сыйлайды.
Іс-шара бағдарламасына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» және «Волонтерлік жұмыс барысында» тақырыптарында білім беру және диалог алаңдары, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы мен «Командалық іс-әрекет» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг енгізілген.
Іс-шара қорытындысы бойынша облыстың ең белсенді волонтерлері алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық істер ешуақытта елеусіз қалмайды.