«Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында мәдени шаралар легін Алтай ауданының өнерпаздары жалғастырды. Ауданның бай мәдени-тарихи ақпараттарына қанықтырған арнайы көрме ұйымдастырылды. Шебер суретшілердің картиналары көпшілікке ұсынылды. Ақ әжелерден құрылған «Ата Дәстүр» ұжымы келушілерге «Бесікке салу» дәстүрін көрсетіп, олардың көңілін бір көтерді. Қолөнер шеберлерінің көздің жауын алатын түрлі бұйымдарды келгендердің назарын аудартпай қоймады. Облыстық филармония сахнасында әннен шашу шашылып, бишілердің мың бұрала билеген билері ерекше көңіл-күй сыйлады.

 «Ата дәстүр» бірлестігінің әжелері ұлттық дәстүрді жастарға нсасихаттап, өшкенді жандандырып, ұмыт болғанымызды қайта түлетіп жүрген абзал жандар. Барлығы шетінен өнерлі. Әжелердің алды 80 жаста.

Сонымен қатар мәдени шара аясында ұйымдастырылған көрмеде қала тұрғындарына «Тау-кен өндірісінің тарихы» залының экспозициясы мен сәндік минералдар коллекциясы ұсынылды.

Гала-концертте аудан өнерпаздары киелі сахнада өз өнерлерін ортаға салып, халықаралық және республикалық байқаулардағы шеберліктерін паш етті. Көрермендер зор қошемет көрсетіп, әр шырқалған ән мен орындалған биден ерекше әсер алды.

Өнерпаздардың киімдері де ерекше болды. Әр нөмірге талғаммен таңдалып, түстер бір-бірімен жақсы үйлескен.

Көрме де, концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шықты. Кейбірі өзіне қажетті тың ақпаратқа қанықты.

Жиналғандар әр әнді сүйсініп, тыңдап, туған жердің топырағын қайта басқандай сезімге бөленді. Ал облыс әкімі аудандағы тігін фабрикасын қайта жаңғыртуды тапсырды.