Өскеменде Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда мемлекеттік қызметшілер арасындағы әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар талқыланып, жыл қорытындысы жасалды.

Жиында аймақтағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы, Ұлан ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айдар Ерболұлы жыл басынан бері атқарылған шаралар бойынша есеп берді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жыл басынан бері 1913 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Облыс бойынша ведомство қарамағында 13 мекеме бар. Оның 10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, 1 оңалту, 1 еңбек ұтқырлығы, 1 «Уба» шипажайы және 13 Мансап орталығы.

Ұлан ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айдар Ерболұлы мемлекеттік қызметшілер арасында мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық фактілерінің тіркелмегенін атап өтті. Дегенмен, ауданның негізгі мәселесі – кадр тапшылығы болып отыр. Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін арнайы бағдарламаларды қолға алуды ұсынды.