Аймақтың жас спортшысы Ислам Адайбек халықаралық жарыстан олжалы оралды. Болгария елінде өткен карате кёкушинкайдан әлем кубогында топ жарып, ел абыройын асқақтатты. Аталған додаға 27 елден келген 300-ден аса спортшы қатысқан. Өскеменге табысты оралған спортшыны әуежайдан туыстары, достары және жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.

Ислам Адайбек бала кезінен спортты жанына серік еткен. Үздіксіз жаттығудың арқасында бүгінгі күні биік белестерді бағындырып жүр. Бұл жолы ол ұлттық құрама сапында ел намысын қорғады.

Ислам Адайбек, кёкушинкай карате-додан Әлем кубогының жеңімпазы:

Бірінші бой да Әзірбайжанмен, екінші де Түрікпен, үшінші де Армиянмен, 4 ші бой яғни финалда өз жерлесіммен шыққан болатынмын.

Жас спортшының осындай биік жетістікке жетуіне оның жаттықтырушысының да еңбегі зор.

Илья Яковлев, кёкушинкай карате-додан ұлттық құраманың бас бапкері:

Бұл жарысқа ерекше дайындалдық. Әр спортшыны жеке тактикамен дайындадық, қарсыластардың бейнежазбасын зерттедік. Финалдық кездесу өте қиын өтті, біз соңына дейін берілмей, жарыс жеңімпазы атандық.

Исламның әкесі Иран Нұралдин ұлының бұл жетістігі - отбасына ғана емес, тұтас елге мақтаныш екенін айтады.

Иран Нұралдин, И. Адайбектің әкесі:

Өте қуаныштымын, баламның Әлем кубогына барып бас жүлде алып, елін қуантып, оралып келе жатқанына.

Ислам Адайбектің бұл жеңісі - жасөспірім спортшыларға үлкен үлгі. Ол қажырлы еңбек пен табандылық арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Ендігі мақсат - Азия және әлем чемпионаттарында ел абыройын асыру


БЕКАРЫС СЕКЕН