Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біздің арна тілшілері түрлі кәсіп иелерінің жұмысымен танысуда. Осы жолы әріптестеріміз Үлбі металлургиялық зауытына арнайы барды. Мұндағы кәсіпорынның бериллий өндірісінде жұмыс істейтін металлург — Мақсат Сұраужанов нағыз еңбек адамы. Жылдар бойғы еңбегі, жоғары біліктілігі және өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілігінің арқасында ол көпке үлгі болып жүр.
Мақсат Сұраужановтың еңбек жолы Үлбі металлургиялық зауытында 2013 жылы басталды. Сол кезде ол бериллий өндірісіне бесінші разрядты аппаратшы болып жұмысқа орналасқан еді. Ал 2019 жылдан бері №1 цехтың химия-металлургия бөлімінің шебері қызметін атқарады. Мақсат үшін жауапкершілік — басты ұстаным. Себебі, технология мен жұмысының мүлтіксіз орындалуы тек өнім сапасына ғана емес, бүкіл өндірістік үдерістің, соның ішінде оның қарамағындағы жұмысқа тікелей әсер етеді.
Мақсат Сұраужанов, «ҮМЗ» АҚ №1 цехтың химия-металлургия бөлімінің шебері:
Бұрындары металлургтер өте жауапты кәсіп иесі деп саналатын. Егер зауытта жұмыс істесең — бұл құрмет пен абыройдың белгісі еді. Мүмкін, дәл осы оймен мен өмірімді зауытпен байланыстырдым. Тағы бір маңызды фактор — біз өндіретін өнім АҚШ, Жапония, Еуропа сынды елдерге экспортталады. Яғни, өнім сапасы зауыттың болашағына тікелей әсер етеді.
Үлбі металлургиялық зауыты — әлемдегі бериллий өндіру бойынша толық өндірістік циклі бар бірегей кәсіпорын. Мұнда рудалық концентратты өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезең жүзеге асады. Кәсіпорын шығаратын жоғары сапалы өнім — авиацияда, ғарышта, электроника мен энергетика салаларында кеңінен қолданылады. Әр технологиялық үдерістің артында — өз ісінің шеберлерінің еңбегі жатыр. Солардың бірі – Мақсат Сұраужанов. Әріптестері де оның жұмыстағы жауапкершілігі мен тиянақтылығын ерекше бағалайды.
Евгений Охотников, «ҮМЗ» АҚ №1 цехтың химия-металлургия бөлімі басшысының м.а:
Мақсат — өте жауапты, тапсырмаларды мінсіз орындайтын адам. Жұмыста оған қатысты ешқашан шағым естімеппін. Ауысымдағы қызметкерлер оның сөзіне құлақ асады. Жалпы, металлург мамандығы — өте ауыр әрі күрделі жұмыс. Мұндай лауазымда адам ерекше жауапты болуы тиіс. Себебі бұл — жоғары температурада, үнемі қауіп-қатер жағдайында атқарылатын жұмыс. Оның үстіне, бериллий — уытты металл. Қосымша сақтықты талап етеді.
Мақсат Сұраужанов үшін металлургия — жай ғана кәсіп емес. Бұл – өмірлік таңдау. Ал мұндай мамандардың арқасында еліміздің өндірістік әлеуеті артып, сапалы өнім шетел нарығында да өз орнын табуда.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ