Марқакөл өңірінде жағымды жаңалық көп. Шалғайдағы ауыл – Қайнарлыда жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ордасының қабырғасы жыл соңына дейін қаланып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Жоба Мемлекет басшысының үш ауысымды және апатты білім ошақтарының тапшылығын шешу үшін қабылданған шараның негізінде басталған.

Шекара шебіндегі Марқакөл ауданында 19 білім ошағы жұмыс істейді. Оның 4-і орта, 11- і негізгі орта, 3 бастауыш мектеп және 1 мектеп-интернат-колледж. 250 тұрғыны бар аядай ғана ауыл - Қайнарлыда еңселі оқу ордасы салынып жатыр. Мектеп заманауи талапқа сай жабдықталып, оқушыларға жайлы орта қалыптастырады.

Ауылдың шалғайда деген аты ғана. Ынтымағы – көпке үлгі, бірлігі бүтін. Әсіресе, Марқакөл ауданы қайта құрылғалы ауыл-аймақтарға дем біткен. Ескі нысандар жаңаға ауыстырылып, жұмыс орындары көбейіп, ғимараттар салынуда. Жұмыс іздеп, ауылдың әлеуетін көтермек ниеттегі жастар да жетерлік. Қайнарлы негізгі орта мектебініңде бірқалыпты жұмыс істеп, бала санын сейілтпегені соған дәләл. Білім ордасы жыл сайын жас мамандармен толығуда. Ауылда отау көтеріп, бала санын арттырып жүрген жас мамандарға қолдау көп, дейді мектеп директоры.

Қарлығаш Алинова, Қайнарлы негізгі орта мектебінің директоры:

Мектебіміз 1970 жылы салынған, яғни 55 жыл болды мектебімізге. Кабинеттер саны аз, спортзалы жоқ болды. Біз енді осындай үлкен мектептің бой көтеріп жатқанына өзіміз де қуаныштымыз, оқушыларымыз да өте қуанышты. Өзіміздің мектебімізде, яғни ескі мектебімізде кабинеттер саны шектеулі. Ол жерде мысалы класта химия биология кабинеті болуы керек. Сондай кабинеттер жоқ, олар бір кластың ішіне орналастырылған болатын. Енді мынада арнайы лабараториясы бар, заманауи техника салынады деп жоспарланып отыр. Енді сол кабинеттер болса нұр үстіне нұр болар еді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бой көтерген ескі мектепте балалар алаңсыз білім алып келген. Кабинет саны аздық етсе де білім сапасына әсер етпеді, дейді ардагер ұстаздар. Оқу ордасының түлектері бүгінде белді қызметте. Кейбірі жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзі білім алған мектепке қызметке оралған. Любовь Шаяхметқызы 40 жыл еңбек өтілін Қайнарлы негізгі орта мектебіне арнаған. Зейнет жасына шықса да, аяулы ұстаздан тәлім алатын жас мамандар көп.

Любовь Шаяхметқызы, Қайнарлы ауылының тұрғыны:

Осы жұмыс істеп жатқан азамат, азаматшалардың еңбегі жана берсін. Мына бұл өте өзі Марқакөлдің ашылғанына байланысты болып жатқан үлкен шара деп ойлаймын. Ол үшін қуаныштымыз. Енді балалар жылдан-жылға азайып бара жатқан жоқ. Жан-жақтан жастар келіп жатыр. Бұл жердің қасиетті топырағы келген адамды өзіне тартып тұрады. Сондықтан мен тілейтінім – бұл үлкен мектеп жақсы салынып бітсін. Ішінде білімді-білімді балалр өмір сүрсін, оқып жетілсін, сол ұстаздарда білімін жетілдіріп жақсы-жақсы балаларды, шәкірттерді жетілдіре берсін деп тілеймін.

Қайнарлыдағы құрылыс – тек жаңа мектептің іргетасы емес, ауылдың келешегіне деген сенімнің көрінісі. Бұрын ескі ғимаратта оқып, шектеулі жағдайда білім алған балалар енді заманауи кабинеттерде сабақ оқиды. Бұл – сапалы білімге жасалған нық қадам. Жас мамандардың ауылға келуі мен тұрақтап қалуына да серпін бермек. Жаңарған білім ордасы – ұрпақ игілігіне арналған ұтымды бастама. Ең бастысы, Қайнарлының тамыры үзілмей, қайта түлеп, тіршілігі жаңарып келеді.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ