Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтады. Салтанатты жиында еңбекте кәсіби шеберлігімен танылған және ұзақ жылдан бері қажырлы жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерге құрмет көрсетілді.

Бұл күні өндіріс өрісін өркендеткен бірнеше жұмысшыға «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі және облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Олардың арасында Қазез Бекшентаев та бар. Зауыттағы жауапкершілгі зор, жұмысы күрделі саналатын маманға III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені берілді.

Қазез Бекшентаев, «Казцинк» ЖШС Мыс зауытының балқытушысы:

Металлургтер күнімен барша әріптестерімді құттықтаймын. Еңбектерінің жемісін көрсін. Өркендеу жолында алға қадам баса берейік. Бұл марапатымды өз ісіне адал болған атам Нұрсалим Бекшентаевқа арнағым келеді. Ол соғыс ардагері. Ленин орденімен марапатталған азамат. Жарқын бейнесі мәңгі есімізде.

Кәсіби мерекеде «Казцинк» ЖШС Малеев кенішінің жүк тиеу – жеткізу машинасының машинисі Руслан Қарықбаев та награтталды. Ол бұл салада 30 жылға жуық қызмет еткен.

Руслан Қарықбаев, «Казцинк» ЖШС Малеев кенішінің жүк тиеу – жеткізу машинасының машинисі:

Металлургия саласы оңай емес. Осы мамандықты таңдап, жұмыс істеп жүрген баршаңыздың жұмыстарыңызға табыс, денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілеймін! Мереке құтты болсын!

Облыста жетпістен астам өнеркәсіп орны бар. Оның 80 %- ы –өңдеушілер. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов металлургия саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған жұмысшы мамандықтар жылы аясында біздің өңірімізде осы еңбек адамдарының жұмысшы мамандықтарының абыройы мен беделін арттыруға үлкен маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Металлургия біздің облыс үшін экономикамыздың ең негізін құраушы. Индустрияның жүрегі деп айталамыз. Металлургия өнеркәсібі жаңа жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына ерекше серпін берсін. Табыстарыңыз тұрақты, еңбектеріңіз елеулі бола берсін. Сіздерге рахмет!

Ел экономикасын дамыту жолында табанды қызмет етіп жүрген металлургтердің еңбегі ерен.


ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ