Аймақта өнеркәсіптік өнім көлемі биылғы жылдың алты айында 1,5 трлн. теңгеге жетті. Оның 88 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Негізгі үлесті металлургия, химия және машина жасау салалары құрайды. Өңірдегі ірі кәсіпорындар өнімдерін әлемдік нарыққада шығарып отыр. Алдағы уақытта жаңа жобалар іске қосылса, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі үлесті - металлургия саласы алып отыр. Бұл салада өндіріс көлемі 933 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсті. Өнімнің көп бөлігі шетелге экспортталады.
Досжан Болатбек, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
Біздің облыс аумағында қорғасын, мырыш, алтын және күміс өндіретін еліміздегі ең ірі кәсіпорын - «Казцинк» жұмыс істейді. Бұдан бөлек, титано-магний комбинаты - әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі. Оның өнімдері алпауыт компанияларға жеткізіледі. Еліміз титанының әлемдік нарықтағы үлесінің шамамен 16 пайызын құрайды. Ал Үлбі металлургиялық зауыты - бериллий өндіретін әлемдегі үш зауыттың бірі. Бұл - ТМД елдері арасында танымал өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын.
Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін құны 692 млрд. теңге болатын 26 жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Досжан Болатбек, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында жалпы құны 692 млрд теңге көлімінде қаржы бөлу жоспарлануда. Бұдан бөлек «East Smelting» ЖШС 2028 жылдан бастап Тарбағатай ауданында 217 млрд теңге көлемінде мыс өндіру және байыту бойынша тау-кен-байыту комбинатының құрылысын бастауды жоспарлауда.
Жүзеге асатын жобалар - өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
БЕКАРЫС СЕКЕН