Биыл ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Апаттар медицинасы орталығының» облыстық филиалына 25 жыл. Осы жылдар ішінде мұнда өз ісіне адал, жоғары білікті мамандардан құралған ұжым қалыптасты. Олар үшін адам өмірін құтқару – тек кәсіби міндет емес, нағыз өмірлік миссия.
Ширек ғасыр бойы «Апаттар медицинасы орталығының» мамандары табиғи апаттар, төтенше жағдайлар, ірі жол-көлік оқиғалары мен түрлі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене қатысып келеді. Олардың кәсіби шеберлігі, жедел әрекеті мен жанқияр еңбегінің арқасында жүздеген адамның өмірі аман қалды. Мұндағы ақ халаттылар, оның ішінде фельдшер, реанимобиль жүргізушілері тәулік бойы кез-келген жағдайға сақадай сай жүреді. Себебі, оқыс жағдай мен апат айтып келмейді.
Төлеген Иманбаев, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының ШҚОФ басшысының м.а:
Филиалдың негізгі міндеті – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету. ШҚО – апатқа бейім аймақтардың бірі. Жыл сайын 600-ден астам шақыртуға шығамыз, 100-ден аса адамға көмек көрсетеміз.
Мұндағы әрбір минут қымбат. Дабыл түскен сәттен бастап мамандар дереу жолға шығады. Олардың басты міндеті –қысылтаяң сәтте адам өмірін құтқару.
Апаттар медицинасы орталығы заманауи техникамен жабдықталған. Бұл құрылғылардың көмегімен мамандар ең қиын және экстремалды жағдайларда да адамдардың өмірін сақтап қала алады. Реанимобильдер мен арнайы медициналық құрылғылар зардап шеккен адамның жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қайрат Бексұлтан, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының ШҚОФ дәрігері:
Біздің реанимобиль заманауи медициналық жабдықтармен толық жасақталған. Мұнда электроотсос, дефибриллятор, өкпені жасанды желдету аппараты және науқас жағдайын бақылауға арналған монитор бар. Біз суға бату, жол апаты, өрт, жер сілкінісі сияқты ауыр жағдайлар уақытында қызмет атқарамыз.
Апаттар медицинасы орталығы филиалының 25 жылдық мерейтойы – жай ғана дата емес. Бұл – мыңдаған шақыртулар мен адам өмірін сақтап қалу үшін өткен жылдар. Ерік-жігері мықты жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық.
Фатима Тілейханқызы, Ирина Санникова