Шығыс Қазақстанда браконьерлерді анықтау мақсатында арнайы мамандар тікұшақпен аумаққа бақылау жүргізуде. Биылдың өзінде орман шаруашылығы және жануарлар жүйесі аумақтық инспекциясының жедел тобы 389 заңсыз аңшылық және балық аулау фактілерін анықтаған. Ау, қақпан — табиғатқа зиян келтіретін құралдардың бәрі тәркіленді. Тіпті, браконьерлер жауапкершіліктен жалтару үшін инспекторларға да шабуыл жасаған жағдайлар да болған.

Қазір елік, бұлан, қоян және жабайы қабандарды аулау маусымы. Сондықтан арнайы топ осы тікұшақпен айына бір рет өздеріне тиесілі аумақты аралап шығады. Осы жолы да олар айналаны мұқият қарап, әрбір бұта, әрбір жотаны қалт жібермеуге тырысуда. Бақылаушы ұшқыш негізгі бағытты айтып отырады. Ал ұшқыштар сол бағыт бойынша ұшады. Тәртіп қатаң.

Владимир Васильков, «ҚАЗАВИАОРМАНҚОРҒАУ» РМҚК ұшқыш-бақылаушысы:

Біріншіден, сіз байқағандай бұл аумаққа жаяу не көлікпен жету мүмкін емес, өйткені тауда жол жоқ. Өрттерді ерте анықтауда да, браконьерлермен күресуде де авиацияның көмегі зор. Бәрі анық көрінеді, әсіресе қар жамылғысы енді түскендіктен түскен із кімдікі, қашан және қайда жүргенін көруге болады.

Төменде бір көлік пен бірнеше адам жүр. Тікұшақ қонуға бет алды, ал инспекторлар мұнда себепсіз келгендердің барлығын тексереді. Бұл жерде жүру қиын. Анықтай келе олар жолда қалып қойған электриктер екендігі нақтыланды. Тауды басып ұшып, тағы бір жазыққа бет алды. Келесі аялдама. Бұл жолы жергілікті тұрғындар екен. Инспекторлар көліктің жүксалғышын, ішін де тексерді. Олардың айтуынша, браконьерлер жиі айлаға барады, кейде тіпті мінез танытады.

Олег Весельев, авиациялық патрульдік топ бастығының орынбасары:

Кейде бетперде киіп, көп адам келіп, тексерушілерге қысым көрсетуге тырысады. Олар машиналарды немесе жылқыларды жасыруы мүмкін, мұндай жағдайлар жиі болады. Кейде мұз үстінде біреуді қуып бара жатқанда, олар полиэтиленді лақтыруға тырысады, осылайша олар қуғыншыларға кедергі келтіреді. Бірақ, әрине, біз мұның барлығының алдын алып, бейбіт жолмен шешуге тырысамыз.

Көбінесе заңсыз балық аулаушылар инспекторлардан қашуға тырысады. Мына бір көлік күдікті түрде баяу жүріп келеді. Инспекторлар бірден заңсыз ештеңе лақтырылмағанына көз жеткізу үшін барлығын тексеріп жатыр. Келесі кезекте Бұқтыр су қоймасы. Қазір ол жерде балықтың кейбір түрін аулауға тыйым салынған. Бақылауды ары қарай жалғастырған инспекторлар жол бойында орманда жүрген бұланды байқады. Әр тексеру барысы өзінше қызық. Бір күнде инспекторлар облыстың бес ауданын басып өтіп, Катонқарағайға да жетті. Мұнда Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құдыр жиі ауланады. Осы жолғы тексеріс барысында бірде-бір браконьер қолға түспеді. Бұл алдын алу жұмыстарының жүйелі әрі тиянақты жүргізіліп жатқандығының нәтижесі дейді, - инспекторлар. Яғни, табиғатты қорғаушылардың еңбегінің еш кетпегендігінің дәлелі.

Салтанат Кеңесбекқызы