Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Ұлттық теңге. Ол ҚР Президентінің 1993 жылы 15 қарашадағы жарлығымен айналымға енді. Сол күннен бастап еліміз дербес қаржы саясатын жүргізе бастады. Теңгеміз әлемдік ақша нарығында өз орнын тауып, талай рет түрленіп, бейнесі де өзгерді.

Тарихи тұлғаларымыз бейнеленген алғашқы купюралардың дизайнын Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Әбжәлеловтер жасаған. 32 жыл ішінде валюта дизайны бірнеше рет өзгерді. Дегенмен, теңгедк мемлекеттің мәдениеті мен тарихының элементтері сақталды. Оған дәлел сақ стиліндегі банкноттардың жаңа сериясы. Осылайша, Ұлттық Банк банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығара бастады.

Салтанат Қожатаева, Қазақстан Ұлттық Банкінің ШҚ филиалының бөлім басшысының орынбасары:

Жаңа серия сақ стилінің элементтеріне, сақ мәдениетіне арналған. Ата-бабаларымыздың табиғатпен, жануарлар әлемімен байланысын көрсетеді. Банкноттардың жаңа сериясын шығару елдің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттауға бағытталған.

Ұлттық Банк әлемде алғашқылардың бірі болып, банкноттардың дизайнына микрооптикалық екі түсті қауіпсіздік элементін енгізді. Ал 3D эффектілері бар голографиялық элементтер «Сақ стиліндегі» дизайнды толықтыра түсті. Ұлттық валюта – теңге әлемдегі ең қауіпсіз банкноттардың бірі саналады.

Салтанат Қожатаева, Қазақстан Ұлттық Банкінің ШҚ филиалының бөлім басшысының орынбасары:

Жаңа үлгідегі банкноттар шыққаннан кейін бұрынғы үлгідегі банкноттар айналымнан біртіндеп алынады. Аталған кезең халыққа еш әсер етпейді. Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастайтын болады. Ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың айналыс мерзімі – 1жыл. Қажет болған жағдайда аталған мерзім ұзартылуы мүмкін. Ескі және жаңа үлгідегі банкноттар заңды төлем құралы. Олар төлем мен аударымдардың барлық түрлеріне қабылданады. Ескі банкноттарды Ұлттық Банктің, «Қазпоштаның» барлық филиалдарында, екінші деңгейлі банктерде айырбастауға болады.

Төл теңгенің тарихы 1993 жылы 12 қарашада Қазақстан Президентінің қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Валютамыз 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде қолданысқа енді. Ескі үлгідегі ақшаларды теңгеге айырбастау 20 қараша күні аяқталды. Осылайша, Ұлттық валюта экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.

Аяулым Усинова