Өскеменде өңірлік коалиция мүшелері құрылысшылармен кездесті. Бұл кездесудің басты ерекшелігі жиын кабинетте емес, құрылыс алаңында өтті. Осылайша, мамандар олардың жұмыс барысын, құрылыс сапасын және жұмысшылардың еңбек жағдайын өз көзімен көрді.
Мұндай кездесулер халыққа жаңа Конституция жобасының мәнін қарапайым тілмен түсіндіруге және азаматтардың ұсыныстарымен тікелей танысуға, пікір алмасуға бағытталған.
Жанар Сәдуақасова, өңірлік коалиция мүшесі:
Олар тез жинала қалып, өздерінің сұрақтарын білдіріп, қызығушылықтарын танытып жатыр. Әркімге өз болашағы туралы ойлар қызықты болады деп есептеймін. Ол заңды да шығар. Және де жылы жерде аудиторияда отырып сұрақтар қойғаннан гөрі мына жерде қызығырақ болды.
Кездесу барысында цифрлық технологиялардың өміріміздің барлық саласына енгендігі сөз болды. Әсіресе, жеке деректердің қорғалуына басымдық беріледі. Бұдан бөлек, азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасы құндылықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормалар талқыға түсті.
Савелий Мужчиль, өңірлік коалиция мүшесі:
Жаңа Конституция жобасына енген өзгерістерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Құрылыс компаниясы қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап бердік.
Өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыс жалғасатынын жеткізді.
Аяулым Усинова