Өңірде құтқарушылар жылыту маусымының қорытындысын шығарды. Аталмыш кезеңде тұрғын үй секторында 341 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға аз. Өрт салдарынан 22 адам қаза тауып, тағы 22 адам жарақат алды.
Облыста жылыту маусымы аяқталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары өрттердің басым бөлігі тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындайтынын атап өтті. Атап айтқанда, тіркелген өрттердің шамамен 70%-ы адамдардың өз кінәсінен болған. Нақты деректерге сүйенсек, 140 жағдай пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан орын алған. Ал 82 өрт оқиғасы электр құралдарын дұрыс қолданбаудың салдары болған. Бұл мәліметтер тұрғындардың күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмейтінін көрсетеді. Мамандар пештерді уақытылы тексеріп, ақауларын жөндеу, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану арқылы мұндай жағдайлардың алдын алуға болатынын ескертеді.
Тілек Манарбекұлы, Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
Көміртек тотығы түссіз әрі иіссіз болғандықтан, оның ауада бар-жоғын тек арнайы датчик арқылы ғана анықтауға болады. Бұл көміртек тотығын анықтайтын құрылғы үш қарапайым батареямен жұмыс істейді, орнатылып, батырманы басу арқылы іске қосылады. Егер ауада көміртек тотығының қауіпті концентрациясы анықталса, құрылғы дабыл сигналын береді. Бұл бөлмеде болу өте қауіпті екенін білдіреді.
Сала мамандары апаттың алдын алу мақсатында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жылыту маусымы барысында 92 мыңнан астам үйді аралап, тұрғындармен 330 кездесу ұйымдастырылған. 12 мыңнан астам адам профилактикалық шаралармен және қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтылды. Сонымен қатар бақылауда пешпен жылытылатын 2763 үй бар, онда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұрады. Тексеру жұмыстары барысында 700-ден астам бұзушылық анықталды. Олардың қатарында пештер мен электр желілерін дұрыс пайдаланбау фактілері бар. Әлеуметтік осал отбасыларында 680 көміртегі тотығын анықтайтын датчик орнатылып, 2 адамның өмірі сақталды. Соңғы 6 жылда облыс бойынша барлығы 17 мың датчик орнатылып, 45 адам, оның ішінде 31 бала құтқарылды.
Медет Мұқашев, Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 2%-ға азайды. Яғни жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беруде. Негізгі талаптар халыққа жеткізілуде. Дегенмен, адам өліміне әкелетін өрттердің басым бөлігі асоциалды өмір салтын ұстанатын азаматтар тұратын үйлерде орын алады.
Өңірде өрт қауіпті кезең басталғалы бері жалпы аумағы 176 гектардан асатын 16 дала өрті тіркелді. Негізгі себептер — қоқыс жағу және шөпті өртеу. Құтқарушылардың айтуынша, мұндай ережелерді бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған, ал ауыр салдарға әкелген жағдайда қылмыстық жауапкершілік те көзделген.
Сая Жарасқызы