Шығыс Қазақстан облысында «Таза су айдындары» республикалық экологиялық акциясы өтті. Табиғатты қорғауға бағытталған шара аясында Күршім және Тарбағатай аудандарындағы көл жағалауы тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылды. Сенбілікке балық инспекциясының мамандары, табиғат пайдаланушылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылы маңындағы Зайсан көлінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Қатысушылар бірнеше шақырым аумақты ретке келтіріп, тұрмыстық қалдықтарды арнайы техникамен шығарды. Бұл бастама тұрғындар мен демалушылар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үндейді.
Талғат Рахимжанов, Зайсан – Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
Осы шараға су жағалауындағы балық шаруашылық субьектілері мен жағалау тұрғындары, инспекция, әкімдік қызметкерлері толық қатысып, іс-шара жүргізілуде. Тарбағатай ауданы бойынша 50 ден астам адам 20 техника жұмылдырылып іс-шара бастамасы істелде.
Көл жағалауларын жүйелі түрде тазарту өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді Акцияға табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері де атсалысты..
Бауыржан Аубакиров, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
Мұндай экологиялық шаралар Зайсан көлін тазартуға, балық қорының сақталуына және су айдындарының табиғи тепе-теңдігін қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл акция тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Берік Құрманғалиев, «Рыбаки-Зайсана» өндірістік кооперативінің аға қорықшысы:
Осындай жағдайлар бізде жыл сайын болады. Жыл көлемінде 3 мезгіл тазалаймыз. Көктемде, жаз ортасында және күзде. Біздің осы аумақта Зайсан, Тарбағатай ауданының және облысымыздың басқа аймақтарынан келіп адамдар дем алады. Солардың қалған қалдықтары бар. Олармен түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Күнделікті айтып отырамыз. Артарын жинап жүріңдер деп. Соған халық бейімделіп кележатыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар су айдындарының экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, балық қорын сақтауға да оң әсер етеді. Сонымен қатар акция тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Нұркен Қасымов, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Тұрғыл ауылы болып, мұқым рыбзавод болып, көпшілігіміз шығып бәріміз осы қоқыстан жағалауымызды тазалап жатырмыз. Сол осы акцияға қатысқан жігіттерге алғыс айтамыз. Көл жағасы таза болғаны өзімізге жақсы.
Бұдан бөлек, «Таза су айдындары» экологиялық акциясы Күршім ауданында да жалғасын тапты. Зайсан көлінің жағалауында өткен сенбілікке «Төре Тоғам» ЖШС мен Ақсуат, Жолнұсқау және Аманат ауылдарының тұрғындары белсенді қатысты.
Тұрсынбек Айдарханов, «ТӨРЕ-ТОҒАМ» ЖШС қорықшысы:
Зайсан көлінің жағалауы, Жолнұсқау ауылының алды. Мұнда Төре-Тоғам ЖШС басшыларының ұйымдастыруымен 5-6-7 жер телімдерінде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тазалық жұмыстары өзіміз үшін және осы тұрғылықты халыққа қажет болғандықтан жылына 2 рет тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады. тазалық жұмыстарына ауыл еріктілері, балықшылары мен Күршім аудандық мемлекеттік балық қорын қорғау инспекциясының инспекторлары, және қорықшылар келіп қатысуда.
Қатысушылар көл маңын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартты. Көл бетінде қалқып жүрген қоқыстар да жағаға шығарылды.
Чайсолтан Сәрсеков, Жолнұсқау ауылының тұрғыны:
Екі балық катермен шығып, көл айдынын аралап жолыққан, ағып жүрген ауларды алып шықтық. Қазір көлікке салып апарып өртеуге дайынбыз. Көл тазалығы өзімізге керек. Көл таза болса, осы ауыл тұрғындардың табысы, ары елдің көшпеуіне үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар өңірдегі басқа да су айдындарында жалғасатынын айтты.
Нұртас Қайролдаев