Негізгі Жаңалықтар Аймақ басшысы өңір жастарымен кездесті

Аймақ басшысы өңір жастарымен кездесті

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Халықаралық жастар күніне орай қала жастарының белсенді өкілдерімен кездесті. Meet up кездесуі ерекше форматта яғни табиғат аясында орналасқан саябақта, таза ауада, еркін әрі бейресми түрде өтті. Басқосуға спортшылар, блогерлер, кәсіпкерлер, волонтерлер және шығармашыл жастар қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Қатысушылар өңірді дамытуға бағытталған тың әрі креативті идеяларын ұсынды.

Тыныш әрі жайлы ортада қатысушылар еркін пікір алмасып, ой бөлісіп, бүгінгі таңда жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылады. Ерекше форматтағы кездесуде түрлі саланың өкілдері бас қосып, туған қаланы дамытуға және жас ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға деген ортақ мақсаттарын ортаға салды. 

Жансая Жанболатова, «Казцинк» ЖШС қалалық жастар кеңесінің төрайымы:

Әрдайым осы облыс әкімшілігмен және де осы бас мемлекетіміздің жастармен жұмыс жасайтын орындармен әрдайым диалогтық алаңшалар ұйымдастырып отырады бетпе-бет ұсыныстарымызды айтуға мүмкіндік бар. Сол үшін алғысымызды айтамыз. 

Аймақ басшысы кездесуді осындай еркін форматта өткізудің негізгі мақсатына тоқталып, жастармен ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап, келушілерді мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, мұндай бейресми кездесулер жастардың пікірін тікелей тыңдауға, олардың бастамалары мен ұсыныстарын жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Әкім атап өткендей, жастардың көтеретін мәселелері, ой-пікірлері мен қызығушылықтары өңірдің одан әрі дамуы үшін маңызды. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біріншіден сіздерді бүгінгі шын мәнінде біздің еліміз ерекше соңғы кездері атап өтіп жүрген жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өйткені қай ел болмасын, қай уақытта болмасын ақыл жастан деп айтқан бабаларымыз осы сіздерге көп үміт арттық өйткені сіздер бүгін қандай боласыздар өздеріңізге қандай талап қоясыздар біздіңде ертеңіміз соған байланысты. Оның үстіне бүгінгі күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жастар саясатына ерекше көңіл бөледі. Әрдайым мемлекеттік түрлі бағдарламалар арқылы қолдаулар көрсетіліп жатыр. 

Осылайша әрқайсысы өз саласындағы атқарып жүрген жұмысы, жетістіктері мен бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселелері туралы ашық әңгімеледі. Еркін формат жастарға өз ойларын қысылмай жеткізіп, өңірдің дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға жол ашты. Мәселен, альпинист Вячеслав Орлов табиғатты қорғау және тау туризмін дамытуға қатысты маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, ол отбасымен бірге Өскемен маңындағы ескі Аустрия жолы бойындағы жартастарды туристер қалдырған түрлі жазулар мен белгілерден тазалаған. 

Вячеслав Орлов, альпинист:

Туристермен бірге жолға шығасың, оларды алып жүресің, сөйтіп жартастарға жазылған жазуларды көресің. Әсіресе Ескі Аустрия жолындағы жартастарды көргенде, шынымды айтсам, жылағың келеді. Ал шетелдіктер ол жазуларды түсінбейді. Бұл не, неге жазылған? Оларға мұның не екенін түсіндіре алмайсың. Осы мәселе үнемі ойда жүрді. Біз мұны қалай тазартуға болады, қалай жасауға болады деп көп іздендік. Әр жерде осындай проблемалар туралы айтыла береді. Мен сөйтіп, “жарайды” дедім. Маусым аяқталған соң отбасымды алып, шатырларымызды, генераторларды, бәрін аккумулятормен де, сыммен де жұмыс істейтін құралдарды алып, отбасымызбен 10 күндік сапарға шықтық. Нақты Ескі Аустрия жолын таңдадық. 10 күн бойы күн сайын жаңағы жазуларды тазаладық, кеш батқанда жартастардың астында түнеп жүрдік.

Кездесу соңында қатысушыларға қазақ халқының рухани мұрасы мен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» атты өсиет сөздер жинағы табысталды. Бұл кітаптың жастарға сыйға берілуі – олардың білімге, өзін-өзі дамытуға және ұлттық құндылықтарды терең түсінуге деген қызығушылығын арттыруды көздейтін маңызды қадам. Сонымен қатар Облыстық Жастар ресурстық орталығына қызметтік автокөлік табысталды. Жаңа тұлпар орталық мамандарының жастармен жұмысын жандандырып, түрлі іс-шаралар мен кездесулерді өңірдің елді мекендерінде ұйымдастыруына мүмкіндік береді. 

Бөлісу