Биыл 13 жылдан соң 25-қазан Республика күні ретінде қайта бекітілді. Бұл күнге Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Ұлық мейрам еліміздің әр аймағында сән-салтанатпен аталып өтті. Атаулы күнді тойлауда Аягөз ауданы да қалыс қалмады. Аудандық мәдениет үйінде қайта жаңғырған мереке қарсаңында салтанатты шара өткен.

Мерекелік концерт шымылдығы ел рухын көтерер әнұранмен түрілді.

Салатанатты шарада аудан әкімі Сейілбек Ысқақов аталған мерекенің мән-маңызына тоқталып, жиналған көпшілікті құттықтады. Сонымен қатар әр салада табысты қызмет атқарып, ауданның әлеуметтік-экномикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға «ҚР Мәдениет және спорт мнистрлігі», «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі», «ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту мнистрлігінің» төсбелгілерін, Абай облысының «Денсаулық сақтау басқармасының» құрмет грамоталарын және өз алғыс хаттарын табыс етті.

Тарихқа көз жүгіртсек 2001 жылы 13 желтоқсанда Республика күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Алайда 2009 жылдың 22 қазанында мереке алынып тасталды. Яғни соңғы 13 жылдан бері бұл күн елеусіз қалғаны белгілі. «Ұлт үшін маңызы зор датаның биыл ерекше мәртебеге ие болып, ортамызға оралғаны үлкен қуаныш. Себебі 25 қазан Тәуелсіздік бастауы болған тарихи күн», - дейді аудан тұрғындары.

1990 жылы 25 қазанда "Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясына қол қойылды. Осы тарихи құжаттың әсерімен қоғамның іргетасы жаңарып, Қазақ елі жаңа белестерге ұмтылды. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт алды. «Бұл мерекенің тарихи маңызы зор. Ең бірінші жастар білуі керек. Республика күні – санамызда жаңғыратын маңызды мереке», - деп атап өтті аудандық мәслихат депутаты Айдар Құрмансерікұлы.

Бұл күн елдің егемендігі жолындағы тұңғыш қадам жасалған күн болғандықтан да Ұлттық мерекелер тізімін бастап тұр. Яғни Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы.