«ALTAI» телеарнасы 1958 жылғы 16 наурыздан бастап хабар таратады. Сол күні телеарнаның эфирінде «Жеңіс салюті» бағдарламасы өтті. Бұл - қазақ телевизиясының тарихында Алматы студиясынан кейін құрылған алғашқы телеарна саналады.
«Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы, «ALTAI» телеарнасы - Кенді Алтай тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы турасында нақты ақпарат таратып, мемлекеттік даму бағдарламаларының орындалу барысы туралы халықты хабардар етіп отыр. Табалдырықты табандылықпен аттаған әрбір жаңа қызметкер әкелетін тың идеялардың арқасында арна эфиріндегі бағдарламалардың сапасы көркемдік стилі жағынан ілгерілеу үстінде. Телеарнада эфирді безендірудің графикалық дизайны артты. Ақпараттық хабарлар заманауи технологиялар арқылы өңірдің кез-келген жерінен жеткізіледі. Тақырыптық бағдарламалар мен хабарларды әзірлеуде авторлық көзқарас пен өзіндік ізденіс - басты талап. Тақырыптық хабарлар, авторлық бағдарламаларда әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени және спорттық тақырыптар жан-жақты қамтылады.
1959 жылдан бастап, аймақта киноөндіріс құрыла бастады. Операторлар «Киев-С» деген қарапайым камерамен жұмыс істеді. Ол камераларда түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізілетін. Ең қызығы сол, 15 метрлік пленка тек 1 минуттық түсірілімге жететін. Телевизиялық аппараттардың жаңартылуымен қатар, облыста телевизиялық стансалар мен тарату желісі аумағын кеңейту мақсатында радио желісінің құрылысы жүріп жатты.
1968 жылы 1 мамырда Өскемен мен аудандардың басым бөлігі Орталық телеарнаның бағдарламаларын көру мүмкіндігіне ие болды.
1974 жылдан республикалық бағдарламаларды аймақ жұрты тамашалап, одақ көлемінде болып жатқан елеулі оқиғалар ағымы туралы телеарна эфирінен хабардар болып отырды.
1980 жылы Шығыс Қазақстан облыстық телевизиялық студия кинооператорлары Мәскеу олимпиадасын түсіруге қатысты.
1981 жылы «Перспектива» түрлі-түсті телевизиялық аппараттық және жаңа телепроекциялық блоктар орнатылып, пайдалануға берілді. Көрерменнің көзайымы болған арна эфирінде түрлі-түсті форматтағы бағдарламалар мен жаңалықтар шығарылымы телевизиялық өндірістің тағы бір кезеңін артқа тастап, көш ілгерілеуге бағыт алды.
1988 жылы жылжымалы телевизиялық станция (ПТС) ғимараты салынды және «Магнолия 83-А» жылжымалы телевизиялық станциясы пайдалануға берілді. Ғасыр талабына сай жабдықталған кешен арқылы әр ауданнан, өңірдің тарихи-мәдени орындарынан эфирге тікелей қосылуға болатын. 30 жыл ішінде арна ұжымы жыл сайын жаңа шығармашылық, техникалық топтармен толығып отырды.
1997 жылы Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының бірігуіне орай, телеарна мен облыстық радио ортақ облысқа жұмыс істеді. Сол жылдың қазан айында телеарна 18 сағаттық ауқыммен 12 метрлік қашықтықта хабар таратуды бастайды.
2003 жылы Өскемен облыстық телерадиокомпаниясының атауы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы деп өзгертілді.
2008 жылы қараша айынан бастап «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының 14 сағаттық хабар тарату тізбегі облыстың 100 пайызын қамтыды.
2009 жылы телевизияға 4 камералы жылжымалы ПТС «Мерседес» көлігі берілді.
2010 жылы "Қазақстан-Өскемен" телеарнасы бұған дейін аймақтар арасында болмаған бастаманы қолға алып, аймақтық әріптестері - «Қазақстан-Семей», «Қазақстан-Шымкент», «Қазақстан-Қызылорда», «Қазақстан-Атырау», «Қазақстан-Орал» т.б. телеарналармен ел үшін маңызды, аймақ үшін мәні зор ақпараттар ауысымын қолға алды.
2010 жылдың желтоқсан айынан бастап, аймақтық арналар ішінде алғаш рет "Қазақстан-Өскемен" телеарнасының "Ақпар" ақпараттық шығарылымының бейне нұсқасын www.cityinfo.kz ақпараттық порталынан көру мүмкіндігі туды. Бұл ШҚО бойынша соңғы жаңалықтар мен оқиғалар жайлы әрбір қазақстандықтың еліміздің кез-келген нүктесінен танысуына жол ашты. Ізін суытпай, "Ақпар" ақпараттық шығарылымы тағы 3 сайтқа: www.Altaynews.kz, www.1vko.kz, www.vkonurotan.kz орналастырылды.
2011 жылы телеарнада эфир безендірудің графикалық дизайны артты, 3D жүйесіне көшті.
2013 жылы «ALTAI» телеарнасы көптеген белсенді бастамалардың да ұйытқысы болды. Телеарнада бастау алған ел аумағында баламасы жоқ соны жоба – баспасөз маслихатын тікелей эфирде көрсету мүмкіндігі бар «ALTAI» баспасөз-клубы жұмысын бастады.
2014-2018 жылдар аралығында «Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы ҚР Президенті қатысуымен өткен ұлттық, республикалық және облысаралық маңыздағы көптеген телекөпірлер мен аймақта ұйымдастырылған қоғамдық-маңызды іс-шаралардың тікелей көрсетілімдерін жоғары деңгейде ұйымдастырып, эфирге беру барысында кәсіби біліктілігімен танылды.
2014 жылы «Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы тек облыс аумағымен шектеліп қоймай, мемлекетаралық шекаралық байланыстарды нығайтуға да белсенді атсалыса бастады. Оның айғағы – Жеңістің 69 жылдығына орай, Өскемен қаласы мен Ресейдің Барнаул қаласы арасында екіжақты телекөпір өтті. Оның ізін суытпай, кәсіпкерлік байланыстар тақырыбында Өскемен (ШҚО, Қазақстан) – Барнаул (Алтай өлкесі, Ресей) – Могилев (Могилев облысы, Белоруссия) арасында үшжақты телекөпір өткізді.
2017 жылы телеарнаға ребрендинг жасалып, атауы "ALTAI" болып өзгерді.
2020 жылы жаңалықтар бағдарламасының студиясы жаңарды.
2022 жылы «ALTAI TANY» таңғы бағдарламасы замануи жаңа студиядан хабар таратып, телевизиялық павильонның іші қайта жаңғырды.
2022 жылы облыстық телеарнаның тарихында тұңғыш рет санды форматтағы 2-ші аппаратты-студиялық кешен (АСК) жасақталып, іске қосылды.
2021-2022 жылдар аралығында телеарнаның әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа қалыпқа енді.
2022 жылы телеарнаның ресми сайты жаңарып, әдемі дизайнмен жасалған www.altaitv.kz сайты жұмыс істей бастады. Ресми сайтта және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының qazaqstan.tv мобильді қосымшасында онлайн хабар таратыла бастады.
«ALTAI» телеарнасы - Шығыс Қазақстан облысының 96 пайызына сандық форматта, ал «OTAU TV» желісі арқылы бүкіл Қазақстан аумағы мен көршілес елдердің шекаралас өңірлеріне тәулігіне 14 сағат бойы хабар таратады. Телеарнаның Facebook, YouTube, Instagram әлеуметтік желілерінде мыңдаған қолданушылар тіркелген.